Божко "тізерлеу" туралы: Ешкімді ренжіткім келген жоқ


Қазақстан мәжілісінің депутаты Владимир Божко "халық мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек" деген сөзінен кейін ешкімді ренжіткісі келмегенін, бірақ масылдыққа қарсы екенін айтты.


"Тағы қайталап айтамын, масылдыққа қарсымын. Сондықтан солай айттым", - деді желіде «Божко айтқан сөзі үшін халықтан кешірім сұрауы керек деген пікір айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?» деген журналист сауалына ол.


"Биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіну керек. Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осыдан-ақ түсінуге болады. Осы үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек. Адам жұмыс істемейді, кейін "бұған бәрін бер" деп шыға келеді. Ондай адамды "стойлоға" (мал қорадағы орын - ред.) қоятын қоғам пікірі болу керек", - деді Владимир Божко 3 қыркүйек күні Қазақстан халықтары ассамблеясының отырысынан соң Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында.


Бұл пікірі желіде сынға ұшырап, жұрт "депутаттан кешірім сұрауды талап еткен". Нұр-Сұлтанда бір топ әйел Ақорда алдына барып, Божконың шығуын талап еткен.