Қосанов: Досың кім, дұшпаның кім? Білгің келсе, сайлауға түсіп көр


Бүгін Әміржан Қосанов мәжіліс отырысына келді. Осы орайда HOLA News тілшісі Аделаида Ауеспекова бірнеше мәселеге қатысты саясаткердің пікірін білді.


«Сайлау нәтижесін мойындағаным, билікті мойындағаным емес. Мені түсінгендер де, түсінбегендер де бар. Халқымның амандығы үшін солай жасадым. Сайлау барысында көптеген жақтастар таптым. Солармен бірге жаңа президент айтқан бейбіт митингі өткізуге рұқсат беру аясында жұмыс жасайтын боламыз. Оппозициялық адамдар бірігіп бір ұйым құрып, саналы ұсыныстар ұсыну керек», - деді Қосанов өткен сайлау жайлы.


Ол Қытайға қарсы өтіп жатқан митингілердің артында қандай да бір топ немесе сыртқы күштер тұр дегенге сенбейтінін айтты. Оның айтуынша, халықтың өз пікірі бар және бұл – қазақ қоғамының белсенділігінің артқаны.


«Ал Бажкоға қатысты айтар болсам, абайлап сөйлеу керек. Халықпен ойнауға болмайды, халық кез-келген теріс пікірге қарсы көтеріліп кетуі мүмкін», - деді ол Бажконың «халық тізерлеп рақмет айтуы керек» деген пікірі жайлы.


«Билікке қатысты оң пікір айтсаң, көбі сені сатылды деп ойлайды. Ақша алды, мемлекеттік қызметке шақырды деп ойлайды. Алайда маған ондай ұсыныстар түспеді, өз позициямнан айнымаймын», - деп жауап берді «мемлекеттік лауазым ұсынылды» деген қауөсет жайлы.


«Енді жүргенде мені шақырды. Мен Алматыда тұрамын. Хабарласып, осында талқылайық деп едік, соған қоғам өкілдерін шақырып жатырмыз деді, көптің бірі болып келдім. Үлкен саясатқа мен 22 жыл бұрын келгенмін, саясат - ол күнделікті экраннан жылтыңдап көріне беруден тұрмайды. Саясаттың өзінің деңгейлері болады. Сондықтан президент сайлауынан кейін мен өзім қазір өткенді, оқиғалардың бәрін саралап, тиісті шешім қабылдап жатырмын», - деді ол.


«Досың кім, дұшпаңың кім? Білгің келсе, президенттікке сайланып көр. «Оппозиция бірігу керек» деген ұсынысымды көп азаматтар қабылдамады. Ол кісілер сайлауға дейін жаман пікір айтып келіп, мен мойындаған соң «неге жарты жолдан тасатап кеттің» деп келді. Біріккен жағдайда, біз билікте бірге тұрар едік», - деп сөзін аяқтады Қосанов.