Түркістанда қонақүйде жарылыс болды: 10 адам зардап шеккен


Түркістан қаласында қонақүйде жарылыс болып, 10 адам зардап шекті.


10 қыркүйек күні кешкі сағат 7-де Саттарханов көшесінде орналасқан «ROYAL GRAND HOTEL» қонақүйінің аумағында «ЗИЛ» автокөлігі жанып, соңынан газ баллоны жарылды.


Жарылыс салдарынан жалын қонақүйдің шатырына тарады. Болжаммен шатырдың 1400 шаршы метр аумағы өртенген.


Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің сөзінше, тілсіз жаудың орын алуына газ цистернасының жарылуы себеп болған. өрт үш тонна газ автоцистернасынан шыққан екен. 


Ведомство басшысының айтуынша, бірнеше адам күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.


Өрт сөндірушілер мен тұрғындардан 10 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің 7-еуі өрт сөндірушілер. Олар қалалық орталық ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер науқастардың түрлі деңгейде күйік шалғанын айтады.


«Ауыр жағдаймен жансақтау бөліміне жатқызылғандар жоқ», - деді ведомстводан.


Ал зардап шегушілердің өзгелері – қала тұрғындары. Олар «қан қысымының көтерілуі» және «стресс жағдайы» диагноздарымен түскен. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін барлығы үйлеріне қайтарылған


Өртті сөндіруге жеке құрамның 70 адамы жұмылып, 14 дана өрт сөндіру техникасы қолданылған.