Актер Нұрлан Әлімжанов Мәжілісте ант қабылдады


Актер Нұрлан Әлімжанов Мәжілістің жаңа депутаты ретінде ресми тіркелді. 


"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, маған жүктелген жоғары міндеттерді адал орындауға ант етемін", - деді Әлімжанов ант беру рәсімінде.


Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин жаңа депутаттың тіркелгенін мәлімдеді. 


"Біздің қатарымызды тағы бір депутат толықтырды. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Nur Otan партиясының мүшесі Нұрлан Әлімжанов партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты болып тіркелді", - деді спикер.


Пленарлық отырыстың басында спикер Нұрлан Нығматулин әртісті депутаттардың қатарына қосылуымен құттықтады. Бірақ Әлімжанов орнынан тұрған жоқ. Мәжіліс төрағасы әртіске ескерту жасады.


"Қайда Нұрлан? Тұру керек. Ал біз саған қол шапалақтаймыз. Отыр", - деді Нығматулин.


Әлімжановтың арызы бойынша, депутаттар оны Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына тағайындады.