Депутат Владимир Божко Мәжіліс отырысына келмеді


Бүгін "қазақстандықтар мемлекетке тізерлеп тұрып алғыс айтуы керек" деп елді шулатқан мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко парламенттің төменгі палатасының отырысына келмеді.


11 қыркүйекте Парламент мәжілісінің депутаттары Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін келісімді ратификациялады. Жобаны талқылауға Владимир Божко келмеді.


Мәжіліс барысында HOLA News журналисіне палата төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева Божконың жерлеу рәсіміне кеткенін хабарлады. Ол депутаттың іс-әрекетін "Әдеп жөніндегі кеңес қарастыра ма" деген сұраққа жауап берген жоқ.



"Биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіну керек. Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осыдан-ақ түсінуге болады. Осы үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек. Адам жұмыс істемейді, кейін "бұған бәрін бер" деп шыға келеді. Ондай адамды "стойлоға" (мал қорадағы орын - ред.) қоятын қоғам пікірі болу керек",- деген болатын.