Қазақстанда жаңа банк жұмыс істейтін болады


Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.


Аталған құжатқа 2018 жылғы 16 қазанда Хельсинки қаласында қол қойылған болатын. Келісім Қазақстан Республикасындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Солтүстік инвестициялық банктің қызметін ашуға мүмкіндік береді.


"Солтүстік инвестициялық банк 1975 жылы құрылған болатын. Оған Скандинавия және Балтық елдері кіреді. Банктің жарғылық капиталы 6 миллиард 142 миллион еуроны құрайды. Осы капитал - оған мүше мемлекеттердің ақшасы. Олардың ішінде Латвия, Литва, Дания, Эстония, Исландия, Норвегия және Швеция бар. Ал банктің Қазақстанға келуі энергетика, жасыл экономика, өнеркәсіп салалары, көлік, телекоммуникациялар, ауыл шаруашалығы, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға мүмкіндік береді".


"Келісім мүшелік жарналар және бюджеттен басқа да төлемдерді талап етпейді. Келісімді ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқтырмайды", - Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.


Министр отандық қаржы нарығына кіретін жаңа банктің қарыз беру шарттарын да айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, осы банктен мемлекет кредит алса, жылдық мөлшерлемесі 2 процент болады.


"Ал жеке сектор кредит алатын болса, ставка шамамен 7 процент болады. Кредитті 25 жылға дейін алуға мүмкіндік бар, яғни шарттары тартымды, басқа халықаралық ұйымдарға ұқсас. Мысалы, Азия даму банкінде мемлекеттік қарыз бойынша үстемақы 2,6 процентті құрайды. Еуропа қайта құру және даму банкінде 3 процентке тең. Сосын Солтүстік инвестициялық банкінің рәсімдері тез өткізіледі және алынған қаражатты бірқатар салаға бағыттауға болады", - деді Дәленов.


Солтүстік инвестициялық банктің жалпы кредиттік портфелі 2018 жылы 19,1 млрд еуроны құрады.


Оның айтуынша, банктен қарыз алу үшін жеке секторға инвестициялық міндеттеме мен кепілдік қарастырылмаған.


"Қарызды алу кезінде кепілдік міндеті жоқ. Ешбір тәуекелге үкіметтің жауапкершілігі болмайды, тек банкке ғана қатысты", - деді министр.


Халықаралық талаптарға сәйкес, Солтүстік инвестициялық банк табыс салығынан босатылады. Соның арқасында 762 миллион теңгені үнемдейді.