Бас прокуратура: Бала зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады


Бас прокуратура ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту туралы заң жобасын әзірледі. Оның ішінде, бала зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасы да бар.


Жаңа заң жобасы жайында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.


«Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті жетілдіре түсу мақсатында жаңа заң жобасы дайындалды. Бұл жобаға қасақана жасалған ауыр қылмыстар мен аса ауыр қылмыстың жекелеген түрлеріне қолданылатын жазаларды қатаңдату бойынша өзгертулер енгізілді. Жыныстық тиіспеушілікке қарсы, зорлау және сексуалдық сипаттағы күш көрсету қылмысы үшін жауапкершілік күшейтіледі. Тіпті ауырлататын мән-жайлар болмағанның өзінде мұндай қылмыстар ауыр қылмысқа жатқызылады. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың барлығына жаза қатаңдатылады. Қызметтік міндетін орындау барысында қылмыс жасау деген қосымшаға біліктілік сипаты енгізіледі. Яғни, оның жазасы қатаяды. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық үшін өмір бойына 20 жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады», - деді прокуратура өкілі.


Ахметжановтың айтуынша, педофилдік қылмысты жасырған ата-ана 6 жылға сотталуы мүмкін.


«Қазіргі заңда сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен террористік акт дайындалып жатқанын немесе жасалғанын жасырып қалғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Енді кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстардың дәлелін жасыру немесе қолдан жасау әрекеттері де жауапкершілік арқалайтын болады. Педофилияның ауыр фактілері туралы хабарламағандар да жазаға тартылады. Бұл ауыр қылмысқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Яғни, ол жауапкершілік балаларға сексуалдық зорлық жасау фактілерін жасырып қалған мамандандырылған балалар мекемесінің қызметкерлері мен басшылығына артылады. Дәл осындай жауапкершілік баланың асыраушысы мен ата-анасына да жүктеледі», - деді Марат Ахметжанов.


Айта кетсек, Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткендер өлім жазасына кесілуі керек деп айтқан болатын.