Президент Қытайға сапарының алғашқы күнінде кімдермен кездесті


Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-на екі күндік мемлекеттік сапарын ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден бастады.


«Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз. Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз», – деді мемлекет басшысы.


Ян Цзечи Қасым-Жомарт Тоқаевты биылғы маусымда Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.



Ян Цзечимен кездесуден соң президент Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты. Тоқаев өз сөзінде Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салғанын атап өтті.

 

«Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Біз бүгінгі Іскерлік кеңестің 6-отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз», - деді президент.



«Дүниежүзілік банк «Doing Business» рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі 190 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, алғашқы отыздыққа кірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасына 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды. 



Президенттің Қытайға екі күндік мемлекеттік сапары әлі жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР іскерлік орта өкілдерімен кездесті.


Іскерлік ортамен жиынның ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың 27 жылдық ынтымақтастығының нәтижесінде екі ел арасында қарым-қатынас нығайып, жан-жақты стратегиялық әріптестік қалыптасқанын айтты.



Президент туризм саласы бойынша да ой қозғап, өзара іскерлік байланыс пен рекреациялық туризм үлкен қарқынмен дамып жатқан Қазақстанға қытайлық туристерін тартуға да мол мүмкіндік барын айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы көрші елдің іскерлік ортасын Қазақстанда қытайлық 5А стандарттарына сәйкес туристік орталықтар салуға шақырды.

 

Дөңгелек үстел барысында ірі қытай компанияларының өкілдері сөз сөйледі.



Президент сапары барысында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды. Тоқаев Академия профессорлары мен сарапшыларының және қазақстандық студенттердің алдында сөйлеген сөзінде қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.


«Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясы – мемлекеттік маңызы ерекше құрылым. Академияның зерттеу орталықтары мен институттары әлемдік ғылыми ой-пікірді дамытуға зор үлес қосып келеді. Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясында біздің елімізді жақсы білетін және қазақ тілін меңгерген сарапшылардың бар екенін ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Академия ғалымдарының ой-пікірлері мен ұсыныстары өзара тиімді ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесіп, олармен бірге естелік суретке түсті.