Киік аулауға қатысты қылмыстық бап енгізілуі мүмкін


Қылмыстық заңнамаға киік аулауға қатысты жеке бап енуі мүмкін, деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.


Оның айтуынша, браконьерлік қылмыстың барлық құрамы бойынша браконьердің қаруы мен көлігін, мүлкін тәркілеу шарасы енгізіледі.


«Заңсыз аңшылық, заңсыз балық аулау «теріс қылық» санатынан «орташа ауыр қылмыс» санатына көшірілуі тиіс. Тіпті жалғыз рет браконьерлік жасағандар табиғатқа шығын келтірмеді деген күннің өзінде, Қызыл кітаптағы жануарлар зардап шекпесе де бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қолданыстағы заңнамада мұндай қылмыс үшін 40 тәулікке қамау шарасы қарастырылған», - деді Марат Ахметжанов.


Прокурор орынбасары жүйелі түрде барконьерлікпен айналысудың жауапкершілігі күшейтілетінін айтты.


«Сирек кездесетін аңдар мен балықтар аулау «ауыр қылмыс» сатнатына өтеді. Яғни, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында браконьерлік жасағаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - деді Ахметжанов.


Заңсыз киік аулау және қыру, мүйіз саудасы үшін жеке қылмыстық құрам қарастырылмақ. Ал мемлекеттік инспекторға күш қолдану, өміріне қол сұғу әрекеті құқық қорғау қызметкеріне шабуыл жасау әрекетімен теңестірілетін болады.

 

Сонымен қатар, жаңа заң жобасында мал ұрлығы бойынша да жеке бап енгізілген.


«Қазақ бір-біріне «мал-жан аман ба» деп амандасады. Елімізде азаматтардың 40 пайызы ауыл төңірегінде тұрады. Мал - ауыл өмірінің тірегі, кірісінің көзі. Сондықтан мал ұрлығын қылмыстық топпен ұйымдасып жасаған жағдайда ол ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Өйткені, мал ұрлығы кәсіпке айналған», - деді прокурор орынбасары.


Шығарып беретін біреу бар, соятын біреу бар, тасымалдайтын біреу бар, базарда сататын біреу бар, жалған анықтама алып беретін тағы біреу бар. Сондықтан, оны ауыр қылмысқа жатқызып отырмыз дейді Ахметжанов.


Ол қазіргі уақытта мал ұрлығы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейгенін алға тартты.