Алматыда оқушы мектеп терезесінен құлап кетті


Алматы қаласындағы мектептердің бірінде 1-сынып оқушысы екінші қабаттан құлап кетті.


Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқыс оқиға 10 қыркүйек күні болған.


1-сынып оқушысы №80 мектептің екінші қабатынан құлаған. Жарақат алған бала шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған. Одан соң травматология бөліміне ауыстырылды.


«Алты жасар баланы көпсалалы медициа бригадасы тексерді. Науқасқа  бас сүйегінің жарақаты, мидың шайқалуы, аяғының төменгі жағының екі жерден сынуы деген диагноз қойылды. Қазіргі уақытта оныңжағдайы қалыпты»,- деді ведомстводан.


Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова мектеп терезесінен оқушының қалай құлап кеткенін айтты.


«Бұл оқыс оқиға кеше болды. Біз тексеру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жерде сабақ өткізіп жатқан мұғалім кінәлі. Қазақ тілі сабағы екі топқа бөлініп оқытылады. Сабақ аяқталған соң мұғалім, оқушыларды сынып жетекшісіне тапсыруға міндетті. Мұғалім сыныптан шығарда балаларды санамаған. Бала партаның астына тығылып қалыпты. Мұғалім сыныпты сыртынан жауып шығып кеткен. Ал сыныпта жалғыз қалған бала қорқып, терезеден секірген»,-дейді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова.


Өз кезегінде, мектеп директоры, сынып жетекшісі мен қазақ тілі пәнінің мұғаліміне сөгіс жарияланған.