Алматылық ата-аналар жетіспейтін кітаптарды өздері сатып алуы тиіс


Алматылық ата-аналар мектептерде жетіспейтін оқулықтарды өздері сатып алуы тиіс, деп айтты қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова.


«Оқулықтар есептелген контингентке сатылып алынады. Алматыда 244 мың оқушы бар. Биыл оқушылар саны тағы 17 мыңға артты. Біз мұны алдын ала жоспарлай алмаймыз. Яғни, балалардың кейбіріне жетпеуі мүмкін. Онда ата-аналар өздері сатып алуы керек. Бір жағынан олардың да жауапкершілігі болуы тиіс. 1-2 кітап сатып алса, ештеңе етпейді»,- деді Басқарма басшысы.


Оның айтуынша, жылда Алматыдағы оқушылар саны 10 пайызға артады. Осы оқу жылының өзінде оқушылардың саны 261 013 жетті. Тағы да 30 мыңға жуық оқушы орны тапшы болып отыр.