HRW ұйымы: Шыңжаңда "түзету лагерінде" отырған балаларды босатуды талап етеміз


15 қыркүйекте Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch халықаралық ұйымы "Қытай Шыңжаңда балаларды ата-аналарының рұқсатынсыз арнайы орындарда ұстап отыр" деп мәлім етті.


"Шыңжаңдағы арнайы орында отырған жасөспірімдер – лагерьде қамалған немесе басқа елге бас сауғалап кеткендердің балалары", - деп жазды ұйым.


Адам құқығын қорғау ұйымы Қытай билігін арнайы орындарда отырған ұйғыр және мұсылман балаларды отбасыларына қайтаруға шақырды. Ұйым балаларды ата-аналарынан айырмауды сұрады.


"Шыңжаңдағы арнайы орындарда отырған балалардың нақты санын анықтау қиын. 2018 және 2019 жылы Шыңжаңға барған шетелдік журналистер балалар отырған орындарды суретке, видеоға түсіре алмаған", - деп мәлімдеді ұйым.


"Қытай билігінің балаларды отбасыларынан айыру саясаты – Шыңжаңдағы қатал репрессияның бір көрінісі. Балаларды тез арада Қытайдағы жақындарына қайтару керек немесе елден кеткен туыстарына баруға мүмкіндік жасауы тиіс", - деді ұйымның Қытай бойынша директоры Софи Ричардсон.


Ричардсон басқа елдердің үкіметтерін қысым көріп жатқан балаларға араша түсуге шақырды.