Кореяда Қазақстан азаматы баланы қағып, елден қашып кетті


18 қыркүйекте Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында жол-көлік апаты болып, нәтижесінде жеті жасар бала зардап шекті. Күдікті – 20 жастағы Қазақстан азаматы. Ол апаттан бір күн өткен соң Оңтүстік Кореядан ұшып кеткен, деп хабарлайды Kukmin Ilbo.


Баланы дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда қағып кеткен. Көлік апат болған жерден бірнеше шақырым жерде табылды. Жәбірленушінің әкесі күдіктінің Инчхон әуежайынан ұшып шыққанын айтты. Бұл туралы оған полиция хабарлаған.


Зардап шеккен балаға ота жасалды. Ол жансақтау бөлімінде жатыр, әлі есін жиған жоқ.


Зардап шеккен бала


Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді және күдіктінің шынымен де Қазақстан азаматы екенін растады.


«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, күдікті қазір үшінші елдің аумағында жасырынып отыр», - деді ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі.


Департамент құқық қорғау органдары күдіктіні іздестіріп жатқанын айтты.


«Ол ұсталған жағдайда мәселе заң аясында шешілетін болады», - деп толықтырды министрлік.