Кореяда баланы қағып, қашып кеткен қазақстандық Павлодарда жүр


Оңтүстік Кореяда 7 жасар баланы қағып кеткен 20 жастағы қазақстандық қазір Павлодарда, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігің ресми өкілі Айбек Смадияров.


«Ол Қазақстанға қашып кеткен. Яғни, ұшаққа билет алып, еліне жеткен. Қазіргі уақытта бостандықта. Павлодар қаласында тұрады. Сол жақта біздің жергілікті құқық қорғау органдары оны тауып, сөйлесті. Корея тарапынан арнайы құжаттар келіп түсті. Ол құжаттарды Сыртқы істер министрі тиісті механизм бойынша Бас прокуратураға жолдады. Енді бұл мәселе екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының арасында шешіледі», - деді Айбек Смадияров.


Оның айтуынша, қылмыс ел аумағында жасалынбағандықтан Қазақстан тарапынан 1999 жылғы жігітке ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған.


«Ол үйінде. Бостандықта жүр. Тек Корея тарапының құжаты негізінде іс қарастырылады», - деді Смадияров.


Еске сала кетсек, 18 қыркүйекте Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында қазақстандық азамат жеті жасар баланы қағып кетті. Ол апаттан бір күн өткен соң Оңтүстік Кореядан ұшып кеткен болатын.


Баланы дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда қағып кеткен. Көлік апат болған жерден бірнеше шақырым жерде табылды.