Атырау перзентханасындағы бала өлімі: Дәрігерлер Тоқаевқа үндеу жолдады


Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жазды.


Олар өз үндеуінде Тоқаевқа аурухананың жағдайын баяндап, болған жағдайларды назарға алуды сұраған. 


"Атырау облыстық перинаталдық орталығы үшінші деңгейлі перзентхана санатына жатады. Мұнда денсаулық жағдайының ауырлығына байланысты жүкті әйелдер консервативті және ота жолдарымен, сонымен қатар күрделі оталар жасап емделеді. Қызметкерлер соңғы екі жылдың ішінде ауыр психологиялық стресске ұшырады. Мәселен, күні кеше ғана Майлыбаеваға қатысты сот отырысы өтті. Сот екі жылдың ішінде әрең шешімін тапты. Сол уақыт аралығында марқұмның туыстары біздің жұмысымызға БАҚ және әлеуметтік желі арқылы үлкен кедергі келтірді. Ел алдында қауесет таратып, жаман пікірлер қалыптастырды. Көп ұзамай, әділдік орнап 4 дәрігерімізді сот ақтап шықты. Бірақ, бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады, тағы бір келеңсіз жағдайға ұшырадық. Орталықтың кейбір дәрігерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалуда. Бұл өз кезегінде барша ақ халаттылардың жұмысына кері әсерін тигізіп отыр",-делінген хатта.



Олардың айтуынша, барша дәрігерлерді қылмыскерлер секілді ұстап, сұрақ-жауап алып, жұмыстарына тергеуге алып кетуде. Бұл жағдай дәрігерлердің жұмысқа деген құлшынысын төмендетіп, бар ойын сол іске аудартатын көрінеді.


Сонымен қатар, дәрігерлер БАҚ беттеріне шыққан мақалалар мен жаңалықтарға да өз наразылықтарын білдірген. Дәрігерлер осыншама жыл ана мен бала өмірін сақтап келген еңбегімізді бір ақ сәтті жоқ болды дейді.


"Жығылғанға жұдырықтай болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іс сотқа жетпей жатып, тіпті шешім шықпастан бұрын БАҚ беттерінде жария етті. Бұл дегеніміз - барша орталық дәрігерлерін қанды қол қылмыскерлерге теңеу. Бұқара мен дәрігерлер арасындағы шиеленіс одан әрі өрши түсті. Психологиялық стресстің ауыр болғаны соншалық, жұмыс жасауға деген құлшыныс қалмады. Біз әріптестерімізді ақтамаймыз. Оны құзырлы органдар анықтай жатар. Осыншама жыл медицина саласына қызмет етіп, ана мен бала өмірін сан мәрте аман-сақтап қалған қызметкерлердің еңбегін бір-ақ сәтте жоққа шығарды. Бұның барлығы бізді қоғамда қол шошайтып қылмыскер ретінде көрсетеді. Бұдан кейін жұмыс жасауға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Біз дәрігерлер өз қызметімізден кетуге мәжбүрміз"


«Жоғарыда айтылған біздің мәселе назардан тыс қалмайды дегенге сеніп, жауапсыз қалмайды деген ойдамыз. Сіздің тарапыңыздан осы мәселенің оңтайлы шешімін табылатынына сенім артамыз, және де алдын ала алғыс білдіреміз»,-делінген үндеу хатта.