8 жылдық жоба: Ұлттық бюро Astana LRT жобасының бағасын тексереді


ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана LRT құрылысын тексеру үшін жедел-тергеу тобын құрды. Ол жобаның құны қаншалықты атқарылған іске сай, әрі қаражаттың дұрыс жұмсалғанын тексереді.


Нұр-Сұлтанда 2020 жылы Astana LRT жеңіл рельсті жерүсті көлігі іске қосылуы керек болатын. Жоба алғаш рет 2006 жылы жоспарланып, тек 2011 жылы ғана іске асырылу басталды.


Содан бері сегіз жыл уақыт өтсе де, LRT тіпті жартысына да дейін дайын емес. Осы уақытта қалада бес әкім ауысты. LRT басталғалы көптеген дау-дамайлар мен қақтығыстар болды. Жоба бірнеше рет тоқтатылып, қайтадан құрылысын бастады. Бірнеше инвесторлар да өзгерді.



Astana LRT қалай салынғанын еске түсірейік


LRT жобасы үш кезең бойынша жоспарланлы. Бастапқыда жобада 27 станция, 49 жылжымалы құрам және үш депо болды. Оның ұзындығы 61,1 шақырым, ал құны - 1,8 миллиард долларды құраған. Жеңіл теміржол көлігі қаланы толықтай айналып өтуі керек еді.


Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жоба 41,8 шақырымға қысқартылды. LRT қаладан емес, әуежайдан вокзалға дейін салынады деп жоспарланды.


Қазір енді LRT ұзындығы 22,5 шақырымды құрайды. Станциялар саны 11-ге дейін қысқарды. Құны 300 миллионға қысқарды. Жобаға енді 1,4 миллиард доллар жұмсалатын болады.


Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысы төңірегіндегі жағдайды тереңірек зерделеу қажеттілігін айтқан еді. Ол жобаны сынға алып, LRT төлеміне сенбейтінін мәлімдеген болатын.


Қазір Astana LRT жобасына байланысты қаржыландыру мәселесі шешілді. Көлгінов осыған қатысты қытайлық инвестициядан бас тарту туралы шешім қабылданғанын айтқан болатын.


«Бұдан бұрын айтқанымыздай, біз қытайлық қарыздан бас тартып, 800 млн АҚШ долларын үнемдеп қалдық. Біз «Халық банкпен» 3 пайыздық қарызбен 500 млн (АҚШ доллары), сондай-ақ, 100 млн (АҚШ доллары) бойынша «Бәйтерек» холдингімен келістік. Бұл қаражат жұмысты бастап кетуге жеткілікті», - деді қала басшысы Алтай Көлгінов.