Қазақстанға қанша жедел жәрдем көлігі қажет


Қазақстанда 3000 жуық жаңа жедел жәрдем көлігі қажет. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Ерсайын Хамитов мәлімдеді.


Бүгін Парламенті Сенатында республикалық бюджетке қатысты заң жобасының таныстырылымында сенатор Михаил Бортник елімізде жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктерін шығару бойынша қандай қадамдар қарастырылғанын сұрады.


«Арнайы автокөліктерді қанша сатып алсақ та, кейіннен оларды 3-4 жылда жаңарту қажеттігі туандайтыны анық», - деді Бортник.


Ерсайын Хамитов автокөліктер отандық өндірістерде құрастырылатынын «Hyundai» маркалы автомобильдер екенін атап өтті.


«Лизингтік қаржыландыруға тоқталсақ, жылдық жеті пайыз ставкамен 5-7 жылға бөлінеді. 2019- 2020 жылдары 818 жедел жәрдем көлігін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қажеттілік 3 000 жуық», - деді Хамитов.


Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиевтің айтуынша, өңірлерді жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз ету бағытында Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Денсаулық сақтау министрліктері арасында тиісті Жол картасы бекітілді.


«Жаңа әріптесім айтқандай, үш мыңға жуық автокөлік қажет. Қазіргі кезде бұл көліктер құрастырылуда», - деді вице-министр.