Қазақстан бейнебақылау камерасы мен интернеті бар пойыз вагондарын сатып алды


«Жолаушылар тасымалы» АҚ жаңа вагондарды сатып алмақ. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюм мәлімдеді.


«Қысқа мерзімді мақсаттардың ішінде біз вагондардың жетіспеушілігін біржолата шешуді жоспарлап отырмыз. Келесі аптада біз 19 жаңа вагон сатып аламыз. Ал 22 қазан күні тағы төрт жаңа вагонды қабылдаймыз», - деді Михаэль Кортюм елордада өткен баспасөз мәслихатында.


«Сатып алатын вагондармен екі апта бұрын таныстым. Айтарлықтай жақсы вагондар. Бейнебақылау камерасы бар. Интернет қосылған. Сапасы өте жоғары», - деді Михаэль Кортюм.


«Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп Тверь вагон құрылысы зауытынан 20 млрд теңгеге 63 вагон сатылып алынатынын мәлім етті.


«Тальгоға алғаш отырғанымда маған ол айтарлықтай ұнады. Стандартты пойыздармен де жүріп көрдім. Бәрі де таза көрінді. Жолсеріктердің барлығы жақсы көңіл-күймен қызмет етті. Бұған қоса, «Жолаушылар тасымалы» АҚ қазіргі уақытта «Дойчебанн» өкілдерімен тығыз жұмыс жүргізу үстінде. Біз алдағы уақытта жолаушылар тасымалының жаңа стратегиясын әзірлейміз», - деді ол елордада өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, алдағы уақытта қызмет сапасын арттыруға басымдық берілмек.


«Жергілікті команданы өз міндетін атқаруда жеткілікті дәрежеде құзыретті деп есептеймін. Десе де, «Дойчебаннан» әріптестерімізді шақырып отырмыз. Осылайша, уақыт өте келе команданы күшейту жоспарда бар», - деді ол.


«Біз, ұлттық тасымалдаушы ретінде, Қазақстандағы барлық тасымал бойынша қажеттіліктің 80 пайызын жауып отырмыз. Қалған 20 пайыз - жеке компаниялар үлесінде. Біз жыл сайын 120 бағдар бойынша қызмет көрсетеміз. Оның 50 бағыты - жолаушылар тасымалы. 70 бағдар - қала маңындағы тасымал. 50 маршруттың ішінде бізде 39-ның әлеуметтік маңызы бар. 11 - коммерциялық бағдар жұмыс істеп тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы жасалған әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша ұзақ мерзімді субсидиялау туралы келісім бар. Осы келісімге сәйкес біз жыл сайын әлеуметтік маңызы бар бағдарлардың тарифтерін көтереміз. Өйткені олар мемлекет тарапынан субсидияланады», - деді Диас Ахметшәріп елордада өткен баспасөз мәслихатында.


Компанияның ресми өкілі сондай-ақ, биыл қанша бағдар бойынша бағаның көтерілгенін айтып өтті.


«Осы жылы біздің бағаларымыз көтерілген жоқ. Тек қыркүйекте есеп береміз. Ал құзырлы органдар тарифтерді көтеру туралы хат жібереді. Бізде әлеуметтік маңызы бар 28 бағдар үшін тариф 10 пайызға өсті. Бұл жыл сайынғы процедура», - деді Диас Ахметшәріп.


Естеріңізге сала кетсек, неміс маманы Михаэль Кортюм «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Бас директоры болып бір ай бұрын тағайындалған болатын.