Сапарбаев Атырау перзентханасының дәрігерлеріне: "Сіздер Гиппократқа ант бердіңіздер"


Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Атырау облыстық перинаталдық орталығына барып, медициналық мекеменің ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Атырау облысының аймақтық коммуникация қызметі.


Бердібек Сапарбаев Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваға және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшыларына өңірдегі нәресте өлімінің өсу себептерін түсіндіруді сұрады.


"Өңірдегі балалар мен ана өлімі туралы» мәселе күн тәртібінен түспейді. Біз нәтижелерді өте нашар деп айта алмаймыз. Әр тоқсан сайын перинаталдық орталықтың мамандары отандық мамандардан да, шетелдік дәрігерлерден де сабақ алады. Мысалы, ағымдағы жылдың шілде айында 13 неонатолог -дәрігер Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық орталықтардың бірінде біліктілікті арттыру курсынан өтті. Сондай-ақ, перинаталдық орталық дәрігерлерінің Литваға кәсіби оқуға сапары жоспарланған. Тек осы жылы ғана орталықты жабдықпен қамтамасыз етуге 600 миллион теңге бөлінді", - деді М. Аймұрзиева.


Өз кезегінде, вице-премьер перинаталдық орталық қызметкерлерін адал қызмет істеуге шақырды.


"Сіздер өз жұмыстарыңызды бір минутқа да тоқтатпауларыңыз керек, адамдарды емдеуді әрі қарай жалғастыра берулеріңіз керек, өйткені Гиппократқа ант бердіңіздер ғой. Біз сіздерден кәсіби міндеттеріңізді адал орындауларыңызды сұраймыз. Мен Атырау облысының басшылығына перинаталды орталықта қалыптасқан жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын. Атап айтқанда, медициналық мекемедегі кемшіліктерді жою қажет. Қылмыстық істі тергеу заңға сәйкес жүргізіледі, ол жұмыс процесіне ешқандай әсер етпейді", - деді Бердібек Сапарбаев дәрігерлерге.


Вице-премьер облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігін қарастыруды, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне тиісті бақылаудың жоқтығы үшін қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшылығына шара қолдануды тапсырды.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, тәулігіне 25-35 сәби дүниеге келеді, күніне дәрігерлер 8-12 ота жасайды.


Медициналық мекемеде 434 қызметкер, оның ішінде - 62 дәрігер және 215 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Орталықта гинекология бөлімшесі, перзентхана залы, консультациялық-диагностикалық бөлімше, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі, босанғанға дейінгі бөлімше, күндізгі стационар бөлімшесі және босанғаннан кейінгі бөлімше, сондай-ақ қабылдау және оңалту бөлімшелері жұмыс істейді.


Айта кету керек, қаңтар мен қазан аралығында Атырау облысында жаңа туылған нәрестелер саны 12 403 баланы құрады, осылайша соңғы екі жылда өңірде туу көрсеткіші 500 балаға өсті.