Ақтөбеде Қытай компаниясының жұмысшылары жалақыларын өсіруді талап етті


Бүгін Ақтөбе облысы Жаңажол мен Кеңқияқ мұнай кеніштерін бұрғылайтын "Восток нефть и сервисное облслуживание" Қытай компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті, деп жазады Азаттық.


Жұмысшылардың айтуынша, бұған дейін жұмыс беруші жалақыны жұмысшылар сұрағандай 50% емес, 20%-ға өсіруге уәде берген. Алайда оның өзін де ала алмай отыр.


«Біз ең аз айлыққа жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс беруші жалақыны елу пайызға өсіруге келіспей отыр. Төртінші разрядпен жұмыс істейтіндердің жалақысы 120 мың теңгеге де жетпейді. Бұрғылау компаниясы ауыр техникамен жұмыс істейді. Бұрғылаушылар ең жоғары жалақы алады деп уәде берген», - деді бұрғылаушы Амантай Бердімағамбетов.


Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жұмыс беруші компанияның биыл жалақыны екі рет өсіргенін айтты. Оның айтуынша айлық қаңтар айында 9%-ға, қыркүйек айында 20%-ға көбейткен. Әкім орынбасары жаңа жылдан кейін компания басшылығы бұл мәселені тағы қарастыратынын айтып, жұмысшыларды ішке кіріп, мәселені талқылауды ұсынды. Бірақ жұмысшылар "жұмыс берушінің өзі осында келсін" деп бас тартты. Кейбір жұмысшылар соңғы жалақыларында өзгеріс байқалмағанына шағымданды. Қайрат Бекенов оларға "есепшіге кіріп, тексертейік" деп ұсынды.



Қыркүйек айының ортасында осындай талап айта бастаған жұмысшылар 10 қазанға дейін жалақы өсірмесе, кеніштегі жұмысымызды тоқтатамыз деген еді. Кейбір жұмысшылар 11 қазанда кеніште бұрғылау жұмысының тоқтағанын хабарлады. Интернетте тараған видеолардың бірінде өздерін "Шығыс-мұнай және сервистік қызмет" компаниясының "26 және 35 бригада жұмысшыларымыз" деп таныстырған мұнайшы киімін киген бір топ адам жалақыларын көбейтпейінше жұмысын тоқтатынын мәлімдейді. Әзірге қалған бригадалар жайлы мәлімет жоқ. Ал компания бұл ақпаратты әзірге растаған жоқ.


«Қыркүйек айында 900 адамның жалақысын 20 пайызға көбейттік. Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Басқа тапсырыс берушілермен жұмыс істеп, Атырау облысында жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Бұған қоса, ұңғыманы қазу жағдайына байланысты төрт ай сайын жұмысшыларға сыйақы беріліп отырады. "Ұсақтап бұрғылайтын" жұмысшыларға ай сайын сыйақы беріледі. Біз барынша жұмысшылардың жағдайын жақсартуға тырысып жатырмыз», - деді Чжан Баоцзюнь.