Назарбаев сұқбат берді: Ең маңызды жерлерін назарларыңызға ұсынамыз


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына сұқбат берді. Сұқбаттың толық видеосы жарияланды.


Сұқбат барысында бұрынғы президент мемлекет басшысы лауазымынан не себепті бас тартқанын айтып берді.


«Әрине, өкінбеймін. Себебі бұл барлық жағынан ойластырылған шешім болатын. Қазақстан басшылығында 30 жыл отырғанымды ұмытпау керек. Орталық комитет мүшесі болған өткен ғасырдың 1979 жылынан бергі уақытты ескерсек - 40 жыл, ал Қазақстан үкімет басшысы болған кезімнен бері есептесек - 35 жыл. Ең алдымен осы жылдар бойы мені мемлекет басшысы етіп сайлаған халқыма рахмет. Қалай десек те, халықтың белгілі бір бөлігі бір адамнан шаршаған шығар. Мұндай да жайт бар. Екіншіден, өзгерістер қажет. Ештеңе де бір орында тұрмайды. Өзгерістер, жаңа адамдар, жаңа кадрлар керек. Кез келген адамның өз көзқарасы, пайымы бар. Сондықтан бұл түбегейлі ойластырылған, дұрыс қадам деп ойлаймын. Бұлай жасағаныма, кімді мұрагер етіп алғаныма еш өкінбеймін», - деді Елбасы.


Нұрсұлтан Назарбаев президенттік лауазымын доғарған кезде әлемнің көптеген ірі мемлекеттерінің басшылары хабарласып, өкініш білдіргенін еске алды.


"Біз осы жылдар ішінде таңғалаларлық ұлы жетістіктерге жеттік. Қазақтар өз тарихында бұлай өмір сүріп көрген емес. Бұл - факті. Бізден басқа ешкім де екі ғасырдың тоғысында мұндай елорда салған емес. Миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Сондықтан маған көрсетілген осындай сенімге зор ризашылықпен істен алшақтауға шешім қабылдадым. Жасқа байланысты қандай да бір шектеу де бар. Мемлекеттің бірінші басшысы барлық уақытта да ақбоз атта, алда болуы тиіс және энергетикасы өте мықты болуы қажет. Егер ата-анамнан осындай қуатты энергетика дарымағанда бұған шыдамас та едім. Себебі жылдар өте ауыр болды. Яғни, өкінбеймін. Халық үшін, Қазақстан үшін дұрыс істедім деп есептеймін",- деді Назарбаев.


Сонымен бірге, Елбасы Президент қызметіне бірнеше адамды қарастырғанын, неге Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдағанын түсіндіреді.


"Мен бірнеше адамды қарадым. Соның ішінен бүгінгі күнге ең сай келетіні - Қасым-Жомарт Тоқаев. Неге? Біріншіден, ол менің жанымда ширек ғасырға жуық уақыт келе жатқан адам. Ол менің жұмысымның сыр-сипатын біледі. Екіншіден, ол - қазақтың бірден-бір сауатты азаматы. Үшіншіден, дипломатиялық жағынан көп адамдармен таныс, көбін біледі. Менің ұсынысыммен, ол Женавада Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы болды, одан кейін он шақты жыл Сенатты басқарды. Заң шығару жағын да біледі. Естеріңде болса, мен оны үкімет басына тағайындағанмын. Екі жылдан артық жұмыс істеген болатын. Ел басқару оңай нәрсе емес. Барлығы ойлайды ел басқару оңай нәрсе деп, ол үшін мен сияқты бәрін төменнен бастауы керек. Ауыл, аудан, облыстан бастап жоғары шығу керек, мен бәрінде не істеліп жатқанын білемін. Қасым-Жомарт бұл жоладардан өтпесе де, бәрін біледі деп ойлаймын. Менің ұсынысыммен, Нұр-Отанның ұсынысымен президенттікке ұсындық. Енді президентімізге қолдау көрсетуіміз керек",- деді Назарбаев.


Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі «қосарланған билік» төңірегіндегі алып-қашпа өсекке соңғы нүкте қойды


"Мен мұның барлығын естіп, оқып отырмын. Бұл қулық әрекеттен шығып отыр. Өсекті Қазақстанда тұрақтылықты қаламайтын адамдар әдейі шығарып отыр. Осы жерде төбелестің, қосарланған биліктің болған қалайды. Біздің Отанын сатқан қашқын ұрылар, ана жақтан халықтың тыныш өмірін бұзу үшін осындай ақпараттарды таратып отыр. Мұның ешқандай негізі жоқ. Себебі Қазақстан басқарудың президенттік формасы бар унитарлы мемлекет саналады", - деді экс-президент.


Елбасының атап өтуінше, мұндай форма Франция, Ресей, АҚШ билігінде бар.


"Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаевты бүкіл халық сайлаған. Ол - Президент. Маған қатысты айтар болсам, сіздерге ол да белгілі. Заңға сәйкес мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымын. Бірақ, бұл алқалық орган, мен төрағамын. Ал ол жерде елдің барлық басшылары мүше болып саналады және біз қателік жібермеу үшін ұжым болып шешеміз. Менің де мәртебем конституциялық заңмен Елбасы деп айқындалған. Менің міндетім - ең алдымен Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын қамтамасыз ету, «Nur Otan» партиясына, Қазақстан халқы Ассамблеясына басшылық жасау. Бұған қоса құрылуына өзім қатысқан көптеген халықаралық ұйымдар маған аталған органдардың құрметті төрағасы болуды ұсынды. Демек, жұмыс жетеді. Шақырып жатыр. Мен ол жаққа барамын. Өйткені, Қазақстанның мүддесін қорғап, Қазақстанға жаңа достар, инвесторлар табамын. Осы тұрғыда жұмыс істеліп жатыр. Әрине, Президент Тоқаев менімен ақылдасады. Маған жүгінген кезде өзімнің өмірлік мол тәжірибеммен ел үшін бөлісемін", - деді елбасы.


Сұхбат барысында тілшілер Елбасыдан 30 жылдық табысты еңбек етуінің сырын айтуды сұрады.


«Ол туралы көп жазылды, көп айтылды. Әнеугүні, жазда басшылық қызметтегі лауазымымның 30 жылдығын атап өткен конференцияда азаматтар сөйлеп, қандай жағдайда болдық, не істедік деген мәселелерді талқыладық. Шет жағасын айтып кеттім, елдің сенімін арқалап осы жылдардың ішінде менің серіктестеріммен, замандастарыммен бірге 100 жылға татитын шаруаны атқардық. Оның бәрі елге мәлім. Әл-ауқат үшін экономика керек қой. Экономика өспесе, экономиканың өсіп-өркендеуі болмаса мемлекеттің қалтасында қаржы болмайды. Ал қаржы болмаса зейнетақыны да, жалақыны да төлей алмайды», - деді Елбасы.


Нұрсұлтан Назарбаев шетелден хабар таратындарға сенбеуге кеңес берді


"Бізде ұрылар мен қылмыскерлер шетелге қашып, сол жақтан хабар таратады. Шынымды айтсам, мен оларды аяймын. Өз елінде емес, жырақта жүреді. Онда оларды ешкім керек қылмайды да. Содан неше түрлі ақпараттарды таратады. Өз Отанына жамандық ойлайды. Ал өз еліне жамандық ойлайтын адамдарға қалай сенуге болады? Қазақстанда айғай-шу, шиеленіс пен төбелес болсын дейді. Ондай жауыздардың сөзін тыңдамау керек"


"Қазақстандағы тұрақтылықты бұзғысы келетін адамдар әдейі өсек-аяңды таратып отырады. Халықты екіге бөлгісі келеді. Олардың барлығы – қашқын ұрылар, Отанын сатқандар", - деп түйіндеді Назарбаев.


Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қытайлық қатерге қатысты өз пікірін айтты.


"Мен "Қытай бізді жаулап жатыр" деген сияқты әңгімелерді жиі еститін болдым. Кімді жаулап жатыр? Қалай жаулап жатыр? Қазақстанның жерін біреу вагонға тиеп, алып кете ме?", - деді Назарбаев.


Осы орайда тұңғыш президент қытай кәсіпорындарын салу бойынша қандай келісімнің болғанын айтып берді.


"Қытай басшылығымен нақты келісім бар. Біз бірлескен кәсіпорын салғанда үкіметтер нақты қанша маманның келетінін анықтап, келісіммен бекітеді. Нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін бәрі кетуі керек. Кезінде Ху Цзиньтао да кеткісі келмесе бізге айтыңдар деген. Бәрін алып кетеміз деді. Сондықтан фантомды үрейді таратудың қажеті жоқ. Ескі кәсіпорындарды ешкім көшіріп жатқан жоқ. Біз жетекші кәсіпорындарды, Қазақстан экономикасына қажетті нысандарды ғана таңдаймыз", - деп атап көрсетті Назарбаев.


Экс-президенттің айтуынша, қазіргі кезде Қытайда қаражат көп. Оны бәрі алғысы келеді.


"Ал олардың бізге деген қарым-қатынасы жақсы. Жалпы, мен Қытайдың барлық басшысымен жақсы қарым-қатынаста болдым. Оны қазіргі төраға Си Цзиньпин де растап отыр. Біз осыны пайдалануымыз қажет. "Жібек жолы" жобасын қолдадық. Себебі осы жоба біз үшін тиімді. Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстан контейнерлік тасымалдың арқасында біраз пайда тауып жатыр. Осы транзитпен жыл сайын 5 миллиард доллар табатын боламыз", - дейді Назарбаев.


Сондай-ақ, елбасы бос уақытында немен айналысатынын айтты.


"Шынымды айтсам, бос уақыт аз. Дегенмен, бұрын бір арманым болған. Соны ақырындап іске асырып жатырмын. Майлы бояумен пейзаж салып жүрмін. Музей бітеді. Сол кезде көрсететін шығармын. Көрмеге шығару үшін 30 сурет болуы керек дейді. Менде 30 сурет бар. Табиғатты саламын. Енді, шедевр деп айта алмаймын. Дегенмен, достарымның бәрі сұрайды", - деп атап өтті Назарбаев.


Тұңғыш президент домбырадан бөлек гитараны да үйренгісі келіп жүргенін жеткізді.


"Жұмыстан кеткенде жай отыруға болмайды дейді. Ми жұмыс істеп тұруы қажет. Сондықтан мен қазір кітапты көп оқимын. Бұрын оқи алмаған әдебиеттерді ақтарып жүрмін. Саяси әдебиет те бар. Әлемдік әдебиетті де оқып отырамын. Енді, балалар мен немерелер бар. Олармен жиі кездескім келеді. Бірақ ол балалар да, немерелер де өзгерген. Оларда уақыт жоқ. Байғұстар таң атқаннан кешке дейін жұмыс істейді. Ойнауға да уақыт жоқ. Күнделікті кестем осындай", - дейді Назарбаев.