Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен сенбілікке қатысты


Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Ботаникалық бақта өткен экологиялық сенбілікке қатысты.


«Елорданың Ботаникалық бағында өткен сенбілікке қатыстым. Елімізді көгалдандыру – табиғатты қорғауға қажетті және қайырымды іс. Осы пайдалы шараға атсалысқан барша қатысушыларға алғыс білдіремін. Елордамыз жайлы және жасыл қалаға айналуы керек», - деп жазды Twitter-де Мемлекет басшысы.


Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірге Жасыл Қазақстан» шарасының аясында Ботаникалық бақта ағаш отырғызып, сенбілікке қатысушылармен сұхбаттасты.


Шараға Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, спортшылар мен оқушылар қатысқан.


Көгалдандыруға арналған сенбілік барысында Ботаникалық бақта 300 көшет отырғызылды. Жалпы бүгін Елорда көшелері мен саябақтарында 5 мың ағаш егіліп, қала ажарын арттыра түспек. Сонымен қатар биыл күзде «Экологиялық сағат» шарасының шеңберінде еліміз бойынша қосымша 1 миллионға жуық көшет егіледі.





Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысына қатысты.

Шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің көшбасшылары қатысты. Жиын барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде көпқырлы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ 2020 жылғы ТМД-ға төрағалық ету және ТМД Атқару комитетінің төрағасы туралы мәселелер қаралды.