Президент ғарышкер Алексей Леоновтың қайтыс болғанына көңіл айтты


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және өзінің атынан ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының екі дүркін батыры Алексей Леоновтың қайтыс болуына байланысты қайғыра көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.


«Алексей Архипович өз ісінің нағыз шебері, әлемдік космонавтикада аты аңызға айналған тұлға еді. Ол Байқоңыр айлағынан ұшып, адамзат тарихында тұңғыш ашық ғарышқа шықты. Батыр Леонов ұлы мақсатқа жету жолында өз өмірін тәуекелге тігіп, бұған дейін өзгелердің қолынан келмеген ерлік жасады»,– делінген жеделхатта.


Тарихта ашық ғарышқа тұңғыш шыққан адам, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Алексей Леонов 86 жасында көз жұмған болатын.


Алексей Леонов екі мәрте ғарышқа ұшқан. Жалпы ұшу уақыты - 7 тәулік 33 минут. Сондай-ақ, ол - ашық ғарышқа шыққан әлемдегі тұңғыш ғарышкер.