Қазақстандық қыздар бокстан әлем чемпионатында екі медаль иеленді


Бокстан Қазақстан әйелдер командасы Ресейдің Улан-Удэ қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында екі қола медаль иеленіп, жарысты аяқтады.


Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметіне сәйкес, 64 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Милана Сафронова жартылай финалда италиялық Анджела Кариниге есе жіберіп, ақтық сынға өте алмады.


Ал 81 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан Дина Исламбекова қытайлық Ксиаоли Янгтен ұтылды.


Осылайша, бокстан Қазақстан командасы әлем біріншілігін екі қола жүлдемен аяқтады.



Милана Сафронова 1991 жылы Қарағанды облысы Сарань қаласында дүниеге келген. Ол әлем чемпионатында бұдан бұрын Ботсванадан келген Аратва Касемангты жеңіп кетті.


Ал, Дина Исламбекова 81 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шықты. Ол итальяндық Флавия Северинді тізе бүктірді. Дина Исламбекова 2000 жылдың 10 тамызында дүниеге келген.


Естеріңізге сала кетелік, Әлем чемпионатына қазақстандық он боксшы барды. Ертең финалдық кездесулер өтеді.