Қостанай облысында Мәдениет үйінен өрт шықты


Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы Қарабалық кентінде ауылдық Мәдениет үйінен өрт шықты. Өрт пиротехникалық заттарды қолдануда қауіпсіздік сақтамаудан шыққан, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.


«12 қазан күні сағат 22:18-де өртке қарсы қызметтің пультіне Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Қарабалық кентінде Мәдениет үйі өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Алғашқы құтқарушылар жеткен уақытта шатырдағы жылыту материалдары бықсып жатқаны, салдарынан ғимараттың шатырында жалын тұтанғаны анықталды. Өрттің таралуы 02:12-де тоқтатылып, сағат 05:06-да толығымен сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 700 шаршы метрді құрады. Оқиғаның алдына ала себебі - пиротехникалық бұйымдарды қолдануда қауіпсіздікті сақтамау», - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Нұрахметов.


Өртті ауыздықтауға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 30 адам мен 8 көлік жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері Мәдениет үйінің аумағын қоршауға алды.