Ноғаев: Дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, жауапкершілікті өзіме аламын


Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау қаласындағы перинаталдық орталықта болған сәби өліміне қатысты Үкімет отырысан кейін жауап берді.


«Қайғылы оқиғаны ескере отырып, бұған дейін ешқандай шара қабылданбады деп ойламау керек. Бірқатар шара жүргізілді. Өкінішке қарай, қайғылы оқиға болып, оның соңы нәрестенің шетінеуіне алып келді», - деді Нұрлан Ноғаев.


Әкімге осы кезде «Тексеріс нәтижесінде дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, жауапкершілікті өзіңізге ала аласыз ба?» деген сұрақ қойылды.


«Ала аламын», - деп жауап берді облыс басшысы.


Журналистер сауалына жауап бере келіп, Нұрлан Ноғаев тергеудің аяқталуын күтуді, ақ-қарасы анықталғанша ой түйіндеуге асығыстық танытпауды өтінді.


«Ресми органдар ресми пікірлерін білдірді. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде. Солардың аяқталуын күту керек. Министр өз пікірін білдірді, вице- премьер де келді. Тергеу қорытындылары шықпай тұрып, біз баға бере алмаймыз,- деді әкім.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігі туралы журналистердің сауалдарына жауап бере келе, Нұрлан Ноғаев төмендегідей жауап қатты.


«Басқарма басшысы өз өтінішімен қызметінен кету жөнінде арыз жазды, қазір мәселе қаралу үстінде»,- деді әкім.