Экономика министрі: Халықтың нақты табысы 6,7%-ға артты


Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жалпы ішкі өнім 4,3%-ке өсті, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.


«Қаңтар-қыркүйекте жалпы ішкі өнім 4,3%-ке өсті. Өсім құрылыс (13,5%), сауда (7,6%) және көлік саласындағы (5,5%) шығарылымның ұлғаюымен қамтамасыз етілгенін атап өту керек. Негізгі капиталға салынған инвестиция 9,7% өсті. Қыркүйекте жылдық инфляция 5,3% құрады (2018 жылдың қыркүйегінде 6,1% болған). Бұл жоспарланған дәліз, яғни 4-6 пайыз шегінде», - деді министр.


Руслан Дәленовтың айтуынша, қантар-тамыз айларында халықтың нақты табысы 6,7%-ға артқан.


«Өнеркәсіп өндірісі 9 айда 3,3% өсті. Өңдеу өнеркәсібі мен кен өндіру өнеркәсібі өсім драйвері болды. Өндеу саласында ең жоғары өсімге жеңіл өнеркәсіпте (19,0%), машина жасауда (18,2%), сусын өндірісінде (15,3%) және фармацевтикада (12,5%) қол жеткізілді. Кен өндіру өнеркәсібінде металл кенін өндіру 13,1 % көбейді. Бұл өсім түсті металл рудасын өндірудің (18,4%) ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, көмір (-3,1%) және мұнай (-0,5%) өндіруде әлі де төмендеу байқалады», - деді министр.


Ұлттық экономика министрі сыртқы сауда қорытындыларын да айта кетті. Оның айтуынша, тоғыз айдың ішінде экспорт көлемі төмендеп, импорт, керісінше, артқан.


"Қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 1,8%-ке өсіп, 62,1 миллиард долларды құрады. Экспорт көлемі 37,6 миллиард долларды (4,5%-ке төмендеу), импорт 24,5 миллиард долларды құрады (13,2%-ке өскен).


Министр экономиканың өсуін қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажет екенін атап өтті.