Сауда орталықтарындағы дәретханада қыздарды бақылаған азамат іздестірілуде

Фото:instagram.com/_muraveinik_206 


Полицейлер Павлодардағы сауда ойын-сауық орталығындың бірінде әйелдер дәретханасына кіріп, қыздарды бақылап жүрген белгісіз азаматты іздестіруде.


Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, кәмелетке толмаған жасөспірімнің анасы Павлодардағы сауда үйлерінің бірінде дәретханада белгісіз адамның қызын аңдығанын мәлімдеген.


Күдікті ер адам бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сауда орталығы қызметкерлерінің ақпараты бойынша, белгісіз ер адам әйелдердің дәретханасына жасырынып, айна мен ұялы телефон арқылы әйелдер мен қыздарды бақылаған.


Қаскүнем қаладағы тағы басқа сауда орталығының камерасына түсіп қалған. Ол жерде де ер адам дәретханаға кіріп, арам пиғылын жүзеге асырған. Кейінірек ол тағы бір сауда үйіндегі әйелдер дәретханасына кірген көрінеді. Сауда орталығының қызметкерлері күдіктінің ұқыпты киінген, азиялық типтегі ер адам екенін, сыртынан қарағанда айналасындағыларға күдік тудырмайтынын айтады.


Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 124-бабы "жас балаларды азғындық жолға түсіру"

бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


"Қазіргі уақытта аталған фактіге қатысы бар адамды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - делінген ведомство хабарламасында.


Полиция тергеудің Павлодар облысы ІІД бастығы Амантай Әубәкіровтің жеке бақылауында екенін атап өтті.