Әнуар Нұрпейісов қайта оралғанын айтты


Белгілі актер, блогер Әнуар Нұрпейісов қайта оралды. Ол Шри-Ланкада түсірген 12 минуттық "Мен қайда, не үшін жоғалдым" деген фильмін Youtube желісінде жариялады.


Ол бір фильмде бәрін жеткізе алмайтынын, ҰҚК қызметкерлері артына түскеннен кейін қаладан кетуге тура келгенін айтты.


"Мен ояндым ролигінің екіншісі шыққаннан кейін менен бұрынғы ҰҚК қызметкері, досым бұл істі тоқтауымды сұрады. Мен оған тоқтай алмайтынымды, яғни заңға қайшы әрекеттер жасап жатпағанымды айттым. Сайлауға төрт күн қалғанда біз "сайлауда не істеуіміз керек" деген тақырыппен ролик дайындаған болатынбыз. Ол жерде біздің елде әділ сайлаудың жоқ екендігін айтқан едік", - дейді актер.


Нұрпейісовтің айтуынша, роликті жариялайын деп жатқанда оған тағы бір досы хабарласып, оған үлкен ескерту жасапты.


"Ол менде сары карточка емес, қызыл карточка барын айтты. Бұл істі доғармасам физикалық тұрғыда күш көрсетіліп, тіпті сотқа дейін барып, қамауға алынатымды жеткізді. Біздегі сөз бостандығының соншалықты әлсіз екендігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Егер олар маған қол жеткізе алмаса, менің туыстарыма, менің жақындарыма жетер еді. Сол кезде мен өзіме "бұның бәрі не үшін?" деген сұрақ қойдым. Жанна Д Арк сияқты тірідей өртеп жіберу үшін бе? Өмір бір-ақ рет беріледі. Мен бекерден-бекер түрмеде отырғым келмейді. Осы оқиғадан кейін айтылған пікірлерге қарап, елде болып жатқан жағдайларға адамдар лайық деген пайымға келдім. Маған кешкісін хабарласып, "Әнуар кет" деді. Маған қайда болсын кетуге тура келді. Осындай жағдайда өздеріңіз не істер едіңіздер",- деді блогер.


Бұдан кейін Әнуар Нұрпейісов Шри- Ланкаға барып, жеке кәсібін ашқанын айтады.



Мамыр айындағы президенттік сайлау алдында алматылықтар #Менояндым флешмобын бастаған болатын. Видеода флешмобқа қатысушылар қандай елде оянғанын айтады. Олар сөз бостандығы, адал сайлау құқығы, экологиялық және елдегі басқа мәселелер туралы сөз қозғады.


Акцияны бастаған актер Әнуар Нұрпейісов болатын. Кейінірек ол жоғалып кетті.