Қытайдан қашып келкен екі қазақты ҰҚК әкетті


Қытайдан қашып келіп, босқын мәртебесін сұрамақ болған Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын ҰҚК әкетті, деп хабарлайды Азаттық.


«Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасынан босқын мәртебесін сұрауға келіп, түскі үзіліс кезінде тамақтанып отырған Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын өздерін "шекара қызметінің қызметкеріміз" деп таныстырған үш адам келіп, құжатқа қол қоясыздар деп мәжбүрлеп әкетті», - дейді тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының мүшесі Гүлжан Тоқтасынқызы.


Оның айтуынша, Қытай қазақтарының "адвокатымызды шақырайық" деген өтінішіне де құлақ аспаған. Оларды Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында тұрған ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2040 бақылау-өткізу пунктіне алып барған.


Бүгін, 14 қыркүйекте адам құқығы бойынша халықаралық бюроның Алматыдағы кеңсесінде Қытайдың Шыңжаң ауданынан Қазақстанға "қашып келдік" деген екі этникалық қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы және олардың қорғаушысы Бауыржан Азанов баспасөз мәслихатын өткізді.


Олардың айтуынша, екі қазақ жігітінің Қытайда отбасылары қалған. Қытай шекарасынан 1 қазанда өткен олар Қазақстанның мемлекеттік шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта 5 күндей жүріп, 6 қазанда Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен.


«4 жыл 8 ай саяси лагерьде отырдым, қысым жасады, үш рет ауыр соққы алғандықтан шыдамай Қазақстанға кетуге бел болдық»,-деді Қастер Мұсаханұлы.


Олар «Қазақстан қандай жазаға тартса да көнеміз, тек Қытайға қайтармаса болды» дейді.