Назарбаев Бакуде Жээнбеков және Әлиевпен кездесті


Елбасы Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков және Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды elbasy.kz


Кездесу барысында Назарбаев түркі интеграциясын одан әрі тереңдетудің ерекше маңыздылығын атап өтті.


«Қазақстан түркі әлемінің барлық елдерімен серіктес. Мен Кеңестің көптеген институттарын құруға бастамашы болдым. Ең маңыздысы – елдеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету», – деді Елбасы.


Өз кезегінде Сооронбай Жээнбеков Қазақстанның Тұңғыш президентінің түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Елбасының Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесіне ие болуымен құттықтады.



Ильхам Әлиевпен кездесу барысында Елбасы екі ел қатынастарының дамуындағы оң динамиканы атап өтті.


«Бұл менің Қазақстанның Тұңғыш президенті мәртебесінде сіздерге алғаш келуім. Елімізде экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру және тәуелсіздікті нығайту жұмыстары жалғасуда. Ертең Түркі кеңесінің отырысы өтеді. Мен Құрметті Төраға мәртебесін қуана қабылдадым, өйткені мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуды жалғастырғым келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Өз кезегінде Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесінің отырысына келгені үшін алғыс білдірді және оның екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.


«Қазақстанның Тұңғыш президентін Әзербайжан жерінде қарсы алу біз үшін зор мәртебе. Сіз Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша әрқашан біздің елімізді қолдадыңыз. Сіздің түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз орасан. Мерейтойлық саммиттің Бакуде өтіп жатқанына біз өте қуаныштымыз», – деді Әзербайжан Республикасының президенті.