«Мұзбалақ» анимациялық фильмі халықаралық кинофестивальде үздік атанды


«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Германиядан жүлдемен оралды, деп хабарлады «Қазақфильм».


Анимациялық фильм 7-13 қазан аралығында Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды.


Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Режиссерлері –Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы.


«2D анимациясының таң қалдырарлық үлгісі. Disney және Pixar анимациялық кеңістігінен тыс жерде жасалған нағыз жаңалық», - делінген фестивальдің баспасөз баянында.


Schlingel халықаралық фестивалін Германияның балалар мен жасөспірімдер жөніндегі Саксон қызметі ұйымдастырған. Биыл бұл байқауда 52 елден келген 233 балалар мен жасөспірімдерге арналған фильм көрсетілді.


«Бұл фильм ұлттық бояуы қанық, қазақтың болмысын көрсететін туынды, сондықтан да шетелдіктерге қызықты болды деп ойлаймын. Осы орайда, бізге қолдау көрсетіп, осы фильмнің шығуына себепкер болған Мәдениет және спорт министрлігіне, «Қазақфильм» киностудиясына алғысымызды білдіреміз. Осындай жеңістер көп болып, «Мұзбалақ» баршамызды қуанта берсін», - деді фильмнің режиссері Тұрдыбек Майдан.