Қытайдан қашып келген екі қазақ азаматына қатысты тергеу басталды


Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ азаматына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігінде қарастырылған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз өту» бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды.


ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін оларды құқық бұзған жерде процестік және басқа да тексеру іс-әрекеттерін өткізу үшін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласына жеткізу жоспарланып отыр.


«Олар 14 қазанда Алматы қаласындағы Шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасына шекарадан өту жағдайын анықтау үшін шақыртылған болатын. Процестік тәртіппен ұсталмады, қамау шаралары қолданылған жоқ. М. Әлімұлы мен Қ. Мұсақан «Шығыс» ӨБ ғимаратында өз еріктерімен қалды және оларға тамақ, жататын орын берілді», делінген хабарламада.


Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақан 1 қазанда ҚХР-дан ҚР-ға шекарадан заңсыз өткендері туралы алдын ала айтқан.  


Сонымен қатар, Қ. Мұсақан 2006 жылғы 21 маусымда мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасын бұзғандығы белгілі болды. Ол кезде тексеру жұмыстарынан кейін ҚХР-ға қайтарылған болатын», делінген хабарламада.