Бас онколог: Соңғы 25 жылда қатерлі ісік ауруынан болатын өлім 20 пайызға төмендеді


Жыл сайын Қазақстанда 35 мың адам қатерлі ісік ауруымен ауырады. Соңғы 25 жылдың ішінде қазақстандық дәрігерлер қатерлі ісіктен болатын өлімді 20 пайызға дейін төмендете алды, деді еліміздің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.


«Соңғы 25 жылда қатерлі ісік ауруынан болатын өлім 20 пайызға төмендеді. Біз үшін бұл жақсы жетістік. Егер 25 жыл бұрын жыл сайын 25 мың қазақстандық қатерлі ісіктен қайтыс болса, былтыр 15 мың, ал үстіміздегі жылдың 9 айында 14 мың адам тіркелді. Яғни өлім-жітімнің тұрақты төмендеуі байқалады», - деді Диляра Кайдарова Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан онкологиялық аурумен күрес жөніндегі Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде.


Онколог қазақстандықтарды обырдан емделуден қорықпауға шақырды.


«Емделгендердің көбі өзінің бастан өткерген проблемасын жария етуден бас тартады. Бізде оны «жаман ауру» дейді. Сонымен қатар, бұл ауруға шалдықса да, өзінің отбасына айтпайтын адамдар кездеседі. Адамдар статистиканы естіген кезде қатерлі ісік ауруына байланысты үрейлері арта түседі. Тексеруден барынша ерте өткен жағдайда ауруды жеңіп шығу мүмкіндігі зор. Сондықтан халық аурудан қорықпауы тиіс, өйткені елімізде обырдан емделудің тиісті мүмкіндіктері бар», - деді Д. Қайдарова.


Оның айтуынша, 180 мың науқастың арасында 90 мыңы обырдан сауығып кетті. Алайда жыл сайынғы өлім-жітім 15 мыңға жуық. Толықтай сауығып кеткендер 52 пайызға жеткен.


Ескетеріңізге салайық, бүгін елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталды. Шараға 70 елден 350 делегат қатысып жатыр.