12 жасар спортшы үстел теннисі тарихындағы ең жас спорт шебері атанды


Оралда өткен үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында 12 жасар қарағандылық Алан Құрманғалиев ерекше көзге түсті, деп жазады ҚазАқпарат.


Жарыс 1998 жылы туған және одан да жас ұлдар мен қыздар арасында өтті. Қарағанды облысы атынан сегіз ракетка шебері қатысты. Командалық сынақта қарағандылық теннисшілер – бірінші орынды, жасөспірімдер - үшінші орынды иеленді.


Жеке біріншілікте алтын медальді спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Зәуреш Ақашева, қола медальді Александра Смирнова жеңіп алып, қыздар жұптық разрядта үшінші болды.


Аралас жұптық разрядта Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева жеңіске жетті. Қарағанды облысы құрамасының ең жас мүшесі спорт шебері нормативін орындады. Мұндай оқиға Қазақстан үстел теннисінің тарихында бірінші рет болып отыр.