Сауда орталығындағы дәретханада қыздарды бақылаған күдікті ұсталды


Полицейлер Павлодардағы сауда ойын-сауық орталығының бірінде әйелдер дәретханасына кіріп, қыздарды бақылап жүрген азаматты ұстады.


«Павлодар қаласының жедел-іздестіру тобының іздеу шарасы барысында қаладағы мейрамханалардың бірінде аспаз болып жұмыс жасайтын 1968 жылы туылған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 124-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.


12 қазан күні күдікті Павлодар қаласындағы сауда үйіндегі әйелдер дәретханасында, 10 жасар қыз бала бар кабинкаға айна арқылы қараған.


Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, кәмелетке толмаған жасөспірімнің анасы Павлодардағы сауда үйлерінің бірінде дәретханада белгісіз адамның қызын аңдығанын мәлімдеген. Күдікті ер адам бейнебақылау камерасына түсіп қалған.


Кеше аталған фактіге қатысы бар адамды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік.