Тоқаев: Экономиканы дамытуға жаңа ойлар, жаңа әрекеттер қажет


Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордада экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өткізді.


Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды.


Президенттің айтуынша, жалпы елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда, отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол жетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.


Мемлекет басшысының айтуынша, ең басты міндет халықтың өмір сүру деңгейін арттыру.


«Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы – 2 есеге арттыруы қажет», – деп тапсырды Президент.


Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде 3-5 саланы қалыптастыру керек екенін айтты.



Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті.


Сондай-ақ ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүкіл өңірлерінде өнімді сөрелерге дейін жеткізудің тетіктерін дамытуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ, экономиканың барлық салаларында ұлттық тауарларды жеткізу жүйесін қалыптастырып, оны дамыту үшін кешенді қадамдар жасауды тапсырды.


Президент 2030 жылға дейінгі ақша-кредиттік саясат Стратегиясын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға шақырды. Бұл өз кезегінде нарыққа қатынасушылар мен тұрғындардың сенімін арттырып, девальвация жайындағы дақпырттардың алдын алады.


Мемлекет басшысы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де қозғады.


«Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолжетімділік өлшемдерін анықтап, құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажыратып, пәтерді жалға беру нарығын реттеу қажет»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.