Алматы мен Екатеринбург арасында жаңа әуе рейсі ашылады


Ural Airlines әуе компаниясы Екатеринбург пен Алматы арасында жаңа рейс ашады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ Азаматтық авиация қызметі.


Рейс 22 қыркүйекте іске қосылады. Аптасына екі рет A320 типті әуе кемелерінде орындалады.


«Екатеринбургтен жұма және жексенбі күндері сағат 22:00-де, Алматыдан - дүйсенбі мен сенбі күндері жергілікті уақыт бойынша 07:15-те ұшатын болады. Ұшу ұзақтығы - 3 сағат», - делінген хабарламада.


Ural Airlines - ірі ресейлік әуекомпаниялардың бірі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ол 9 миллионнан астам жолаушыны тасымалдаған.