"Тірі қалуы екіталай": Дәрігерлер күйеуі өртеп жіберген әйелдің жағдайын айтты


Нұр-Сұлтандық дәрігерлер күйеуі үстіне бензин құйып өртеп жіберген әйелдің жағдайы қалай екенін айтты.


«Науқастың реанимация бөлімшесінде жатқанына 9 күн болды. Жағдайы өте ауыр, күйген кезде алған қорқыныштан арылды. Гемодинамикасы тұрақсыз. Өмірлік маңызды органдардың қызметі дәрі-дәрмектің күшімен жұмыс істеп тұр. Болжам күмәнді, жағдайы жақсарып келе жатқан жоқ. Тірі қалу мүмкіндігі жайында айтуға әлі ерте», - дейді травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Ербол Төлгенұлы.


Сондай-ақ, ол науқастың зонд арқылы тамақтанатынын, өкпесі жасанды жолмен тыныс алып жатқанын атап өтті.


«Қазір біз оған ешкімді кіргізбей отырмыз, қайтадан инфекция жұға ма деп қорқамыз. Ол оқшауланған. Туған-туыстары келіп жағдайын біліп тұрады. Біз түсіндіріп айтамыз. Ол ес-түссіз жатыр, өмірі жасанды жолмен аппарат арқылы қамтамасыз етілуде», - дейді дәрігер.


"Астана" арнасының хабарлауынша, әйелін өртеген азамат бұған дейін де жұбайына зәбір көрсетіп келген.


Келіншектің анасының айтуынша, әйелін көрінгеннен қызғанған күйеу баласы талай рет аяқ-қолын байлап, қиянат көрсеткен. Қызы ажыраспақ болғанда өртеп жіберген.


"Бірақ өзінің кінәсін сезінбей отыр. Бізді көрген соң, ұялатын шығар деп ойладым. "Кешіріңіздер" дейтін шығар деп үміттеніп едім. Бірақ ол әлі сол баяғы "қызың анамен жүреді, мынамен жүреді" деп айтуын доғарған жоқ. Тергеу абақтысында "мен шығамын, шыққан соң өлтіремін" деп отыр. Өзінің 6 баласы бар. Кейінгі 3 бала менікі емес деп, өзінің адал балаларын мойнына алмай отыр", - дейді Дәмегүл Қашағанова.


Бұған дейін полицейлер айыпталушы 15 жылға дейін сотталуы мүмкін деген еді. Зәбір көрген келіншек туыстары 44 жастағы күйеу бала лайықты жазасын алуы тиіс деп отыр. 


"Қызыма істегенін мойнымен көтерсін деп отырмын. Заңымыз бар ғой", - деді анасы Дәмегүл Қашағанова.

 

Еске сала кетсек, елордалық ер адам отбасылық жанжалдан соң әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген еді.