Ақтөбегі жеке клиникада әйел екпе салынғаннан кейін көз жұмды


Ақтөбеде жеке медициналық орталықта екпе салынғаннан кейін жиырма жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды КТК.


Сәби сүюді аңсаған келіншек жеке клиникаға жүгінуді жөн санаған. Ондағы мамандар Гүлдананың жатыр жолын тазарту керектігін айтады. Сол бойда екпе салып, гидротрубация деп аталатын емге кіріскеннен кейін әйел қайтыс болады.


Қайтыс болған келіншектің күйеуінің сөзінше, келіншегі дәрі еккен бойда өзін жайсыз сезініп ақсаңдап қалған. Оған мамандар мән бермепті. Тіпті дәрі саларда сынама да жасамаған.


"Бірақ бізбен ақылдасқан жоқ. Аллергия бар ма деп сұраған да жоқ. Жамбасына укол берді де, ол жарты сағат бойы шамалы ақсап жүрді. Жатыр түтігін тазартамыз деп алып кетті. Бес минуттық процесс, кіреді де шығады. Ішке кірді де, бес минут өтті, әйелім қатты шыңғырды. Дауысы деген қатты шықты. Іштегі адамдар бәрі естіді",- дейді Айдос Нұрмағанбетов.


Мамандар Гүлдана Нұрмағанбетова анафилактикалық шоктан қайтыс болды деп отыр. Ал «Әлия» деп аталатын жеке клиникадағылар сынама жасамағандарын мойындайды. Бірақ ол препаратты қолданарда ондай тексеруден өткізу «міндетті емес» дейді. 


"Жас келіншек бұрын да бізге келген. Аллергиялық реакциясы жоқ болатын. Біздің салған екпе осы жағдайда себеп болып отыр. Бұл препаратқа сынама жасалмайды. Тексеру жүріп жатыр. Бұдан басқа айтарым жоқ. Келіншектің өліміне қатысты ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Денсаулық сақтау басқармасы да тексеріп жатыр. Енді олар өлімнің нақты себебі мен кінәлілерді анықтайтын болады",- дейді медициналық орталық директоры Әлия Шаңғараева.


Полиция Қазақстан Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.


Бұл бап үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.