Министрлік Кореяда бала қағып, қашып кеткен қазақстандыққа қатысты пікір білдірді

 


Оңтүстік Кореяда бала қаққан қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

 

«Бұл кореялық тараппен келіссөздеріміздің нәтижесінде жүзеге асты. Қазір ол Чанвондағы тергеу изоляторында отыр. Тергеу шаралары басталды. Бүгін біздің консул тергеушімен және қазақстандық азаматпен кездеседі. Біз оның барлық құқықтарының қорғалуын және сақталуын қамтамасыз етеміз» - деді Смадияров.

 

«Адвокатты корей немесе өзі қаласа біз оған өз есебінен жақсы адвокат тауып береміз. Қорытынды шығарудың қажеті жоқ. Оны тергеу анықтайды. Сот отырысы болады. Қылмыстық іс қазіргі таңда ашылды», - деді ол.

 

Ал азаматтың  қандай жазаға кесілуі мүмкін екендігі туралы ақпарат тергеушімен кездесуден кейін ғана белгілі болады.

 

«Ол Кореяда бір жылдан астам уақыт бойы заңсыз жүрген. Қылмыс жасалған соң, ол қорқып Қазақстанға қашып кеткен. Алайда жағдайдың ауырлығын түсініп, Кореяға қайта оралды», - деді Смадияров.