Қазақстандық балаларға қатерлі ісіктің алдын алу үшін тегін екпе салынады


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова ата-ананың рұқсатымен балаларға жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакциянация жүргізілетінін хабарлады.


«Обырмен күресте медиктер бюджеттен қаражатты көбірек сұрасақ, кей саясаткерлердің түсінбей қалатыны бар. Алайда онкологиялық аурулардың үшінші, төртінші сатысындағы науқастарды да емдеу керек. Ол үшін қаражат бөлуге тура келеді. Міне, сондықтан бүгінгі саммиттің таңертеңгі бөлімі обырмен күрестегі саясат пен бюджетке арналды. Дәрі-дәрмек қымбат. Бүгін Уругвай үкіметінің өкілдерімен кездескенде олар да дәрі-дәрмекті сырттан сатып алатынын естідік. Яғни, онкологиялық ауруларды нағыз сапалы дәрі-дәрмекпен емдеу керек», - деді Диляра Қайдарова.


Оның айтуынша, әр елде обырға қарсы дәрі-дәрмектің бағасы әртүрлі. Бәрі тасымалдаушыға байланысты.


«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойны қатерлі ісігін вакцинация арқылы алдын алуға болатын дерттер қатарына жатқызады. Біз жас қыз балаларға ата-ананың рұқсатымен жатыр мойны қатерлі ісігі вакцинациясын тегін егуді ұсынбақпыз. Яғни, ата-ана рұқсат берсе, баласына тегін вакцинация жасаймыз», - деді ол.


Диляра Қайдарованың айтуынша, дәл осындай вакцинацияның арқасында Австралия мемлекеті жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығу деңгейін едәуір азайтқан.