Ақтөбеде 20 жастағы әйелдің өліміне қатысты комиссия құрылды


Ақтөбедегі жеке емханалардың бірінде "екпеден кейін көз жұмды" деген 20 жастағы Гүлдана Нұрмағамбетованың өліміне қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы комиссия құрды.


Басқарманың айтуынша, нақты шешім шыққан уақытта хабар берілетін болады. 


"Көз жұмған келіншек жеке клиникада тексеруден өтіп, ем қабылдаған. Сол күні жатыр түтікшесінің өткізу қабілеті тексерілген. Сот-медицина сараптамасының берген болжамы бойынша анафилактикалық шок алған. Қазіргі уақытта облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы комиссия құрды. Нақты шешімі шыққан уақытта қосымша хабар беріледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қайтыс болған келіншектің отбасына көңіл айтады», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.


Айта кетсек, Ақтөбеде жеке медициналық орталықта екпе салынғаннан кейін жиырма жастағы әйел қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Әйелдің күйеуінің сөзінше, келіншегі дәрі еккен бойда өзін жайсыз сезініп ақсаңдап қалған. Оған мамандар мән бермепті.