Жанболат Мамай жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді


Жанболат Мамай Қазақстанда жаңа саяси партия құратынын мәлім етті.


"Біз Қазақстанда жаңа саяси, демократиялық партия құратымызды мәлімдегіміз келеді. Біз бұл мәселені кеше немесе бүгін ғана көтерген жоқпыз. Бұл ой бізде бұрыннан бар болды. Біздің басты мақсатымыз - саяси реформа жүргізу. Саяси тұтқындардың бостандығына қол жеткізу. Арон Арынбек, Мұхтар Жәкішев сияқты саяси тұтқындардың босатылып, мемлекеттің оларға өтемақы төлегенін қалаймыз. Сондай-ақ, Қазақстанда "митингіге заңсыз шықты деп" белсенділер мен азаматтарды 15 тәулікке қамайды. Осы жағдайды өзгерткіміз келеді. Біз Әділет министрлігіне өтініш тастап, бәрін заңды түрде жасаймыз", - дейді Жанболат Мамай.


Жанболат Мамайдың айтуынша, қазір он адамнан тұратын бастамашыл топ бар, ал партияның негізгі құрамы партияға кіруге ықылас білдірген белсенділермен ақылдасу барысында нақтыланады.


Жанболат Мамай ашқан жиынға Сергей Дуванов скайп арқылы қосылып, саяси партия құру төңірегінде өз пікірін айтты.


"Қазіргі жағдайда билікке араласудың легтимді жолы - саяси партия құру. Қазақстанда оппозициялық партия құру үшін кем дегенде 40 мың адамның қолын жинау керек. Бірақ ол қиын емес, оны тіркеуден өткізу қиын. Тіркей ме, жоқ па, екінші мәселе. Біріншіден тіркеу процедурасының өзі маңызды. Егер жаңа саяси партияны тіркемейтін болса, биліктің демократияға қарай қадам басуға құлқы жоқ екені, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформа туралы айтқандарының жай сөз екені белгілі болады. Онда билік біржола сенімнен айырылады, - деді ол.


Журналистердің "Қосанов сияқты лақтырып кетпейсіздер ме?" деген сұрағына "ондайлар арамызда жоқ" деп жауап берді партия құрушылардың бірі қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев.


«Жоқ олай болмайды. Алдарыңызда отырған адамдар өздеріне жауап бере алатын азаматтар. Біз Қосанов сияқты емеспіз. Біздің арамызда Қосанов сияқтыларға орын жоқ. Біз бұны өз ісімізбен дәлелдейміз. Жанболат Мамай, Сейгей Дуванов бұны дәлелдей алады. Олар соңына дейін барады. Біз "бізді сатып кеткен адамдардың" жолымен жүрмейміз. Біз өз қатарымызға әрқашан соңына дейін күресетін, қайтпайтын қайсар, өз дегеніне жететін азаматтарды қосқымыз келеді. Бүгін ертең партия құратынымыз мәлім. Ертерек қолға алып, бұл жұмысты аяқтауымыз керек. Бұл шаруаны атқаруда жастардың қосар үлесі зор болуы тиіс. Сонда ғана біз саясаттағы заңдарды өзгерте аламыз",- деді Төлеген Жүкеев.


Сондай-ақ, Жанболат Мамай барлық саяси топтарды бірігуге шақырды.


"Бізде әртүрлі саяси күштер мен топтар бар. Мен барлығын бірлікке шақырамын. Авторитарлық жүйеге қол жеткізгісі келетін, демократиялық қоғамды аңсайтын саяси күштерге бірігейік дегім келеді. Бөлісетін еш нәрсе жоқ, біз бірге болуымыз керек. Әркім ұстанған позициясына қарамастан, бүгінгі билікті өзгерткісі келсе бірге жұмыс істеуі тиіс. Үлкен күрделі мәселелерді шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоян-қолтық жұмыс жасайық. Біз тәуелсіз, өз пікірін ашық айта алатын азаматтарды партияға қосылуға шақырамыз. Қазақстандағы шын өзгерістерді қалайтын азаматтар қатарымызға қосылсын ",- дейді Мамай.


Сонымен қатар, Жанболат Мамай партияны Жүкеев пен Дуванов үшеуі бірігіп қаржыландыруға тырысатындарын және өздерінің негізгі күштерін әлеуметтік желіге салып, сол арқылы жақтастарын іздейтінін айтты.


"Біз заңды түрде тіркеуден өтетін боламыз. Барлық әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейміз. Алдағы уақытта қызу шаруалар жүретін болады. Штабымызды құрамыз, адамдар жинаймыз. Өз офисіміз болады. Сол жерде кез-келген адамды қабылдаймыз. Әр істе белсенділік танытатын боламыз", - дейді Жанболат Мамай.