Мүгедектігі бар азаматтар қалай баспаналы бола алады


ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы өздерінің Telegram-каналында мүгедектердің және мүгедек баласы бар отбасылардың жеңілдікпен қалай пәтер алуға болатынын түсіндірді.

«Егер барлық процедураны дұрыс өтсе, бірнеше жылдың ішінде тұрғын үй проблемасын шешуге мүмкіндік бар. Мүгедектерді, мүгедек балалары бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етудің екі құралы бар. Біріншіден, қажетті құжаттарды жинап, жергілікті атқарушы органға жүгіну керек. Олар құжаттарды қабылдап, есепке қояды және тұрғын үйге мұқтаж мүгедектерге кезек тәртібімен әкімшілік баспана ұсынады», - делінген ақпаратта.


Екінші құралына сәйкес аталған санаттағы азаматтар үшін жеңілдетілген тәртіппен баспана сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 2 пайызбен 20 жылға ипотекалық займ ұсынылады.


Бұл ретте Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» бастапқы жарна жинаған азаматтарға 20 жылға дейін жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын алдын ала және аралық тұрғын үй займын береді. Аталған санаттағы азаматтарға жылына 6 мыңға жуық жеңілдетілген займ беру жоспарланған.