Корея заңсыз мигранттар үшін елден кету ережелерін өзгертеді


Оңтүстік Корея 21 қазаннан бастап заңсыз мигранттар үшін шығу ережелерін орнатады. Енді елге заңсыз келген шетелдіктер кететін уақытта Оңтүстік Корея билігін хабардар етіп, тексерістен өтуі керек. Бұл туралы елдің Әділет министрлігі хабарлады.

 

Корея заңсыз мигранттардың елден айыппұлсыз және өз еркімен кетуіне мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» ережесін де алып тастайды. Жаңа ережеде иммигранттар алдымен ел билігін кету күні туралы хабардар етіп, арнайы сауалнама толтырып, тиісті тексерістен де өтуі керек. 


Талаптарды орындамаған жағдайда қандай жаза қолданылатынын Әділет министрлігі хабарламады.


 

Корея билігі заңсыз келушілерге қатысты ереженің қатаңдауын, Чонгвон қаласында баланы қағып, Қазақстанға қашып кеткен заңсыз еңбек мигрантымен байланыстырады. Бұл туралы Әділет министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.


Мұны Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Тэ Кен Гонг да растады. Оның айтуынша, бұл қатаңдату тек қазақстандықтарға ғана қатысты емес.