Ақтауда Жаңаөзеннен қоныс аударушыларға 70 пәтер сатып алынды


Жаңаөзенде үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен тұрғындарға Ақтаудан пәтер сатып алуға бюджеттен 2,9 миллиард теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ-нан 1 миллиард теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды ИнАқтау.


Әлеуетті қоныстанушылар тізімінде 268 отбасы бар. Тұрғын үй жалдау негізінде берілмек.


Шаһар басшысы Мақсат Ибағаровтың айтуынша, негізгі себеп - шамадан тыс қоныстану мәселесін шешу. Себебі, үй салуға арналған жер қалмаған. Сондықтан Кендірлі аймағында елді мекен құру жоспарланып отыр.


Мұнайшылар қаласы халқының саны бүгінде барлық болжамдардан асып түсті. Бір кездері мамандар, 2025-2030 жылға қарай Жаңаөзен халқының саны 150 мың адамды құрайды деген еді. Алайда бүгінгі күні бұл көрсеткіш 152,8 мыңды құрап отыр. Алдағы 10 жылда халық тағы 1,5-2 есе өсуі мүмкін.


Демографиялық көрсеткіші жоғары. Жылына 3700-ге жуық бала дүниеге келеді. Биыл құрылыс жұмыстары төмендеп отыр.


«Жаңаөзен қаласының шамадан тыс қоныстану проблемасын шешуге, яғни мұқтаж азаматтар үшін пәтер сатып алуға қаражат бөлінеді. Жалға берілетін пәтерлер Жаңаөзен қаласының жұмыссыздар тізімінде тіркеуде тұрғандарға және ҚР аймағында соңғы 5 жыл ішінде атында пәтерлері болмаған азаматтарға беріледі. Ақтау қаласынан жалдамалы пәтер алуға ниет білдірген азаматтардың алдын ала тізімі жасақталып, 235 адам әкімдікке жолданды» ,- дейді Мақсат Ибағаров .


Жаңаөзен басшысының айтуынша," Өзенмұнайгаз " АҚ Ақтау қаласында пәтер алуға 1 млрд теңге бөлді. 6-шы қыркүйекте 541 миллион теңгеге 70 пәтер сатып алу туралы келісім-шартқа қол қойылды. Қараша айында тағы 50 пәтер сатып алу жоспарланған.


"Биыл 394 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 70-і алынған. Оған тұрғындарды бөлу жұмысы басталды. Қоныс аударғандарға түгел жағдай жасалмақ: балабақша, мектеппен қамтылып, жұмысқа орналастырылады. Кеше 1-ші отырыс болды. Облыс әкімдігі, «ӨМГ» АҚ, «Жарылқау» қоры арасында 3 жақты меморандум жасақталды»,-дейді әкім.


Естеріңізге сала кетейік, жаңаөзендік жұмыс күшін Ақтауға қайта бағыттау әрекеті өткен жылы да қолға алынған болатын. Бұған дейін Ақтау жатақханаларында тұруға және солтүстік өңірлерге көшетіндерге қосымша төлем ретінде 256 млн теңге бөлінді. Алайда, жаңаөзендіктер Ақтау мен елдің солтүстігіне қоныс аударудан бас тартқандықтан, қаражат толық көлемде игерілмеген.