Тоқаев Кореяның Сыртқы істер министрін қабылдады


Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Кан Гён Хваны қабылдады.


Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасы, сондай-ақ, жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асу барысы жайында пікір алмасты.


«Президент Мун Чжэ Иннің сәуір айындағы сапары өте жемісті болды. Сапар барысында қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді деп санаймыз. Біз экономика және бизнес салалары бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыра беруге ниеттіміз»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 



Өз кезегінде оңтүстік кореялық дипломат өз елінің Президенті Мун Чжэ Иннің сәлемін жеткізіп, Қазақстанмен серіктестікті екіжақты, сондай-ақ, өңірлік негізде де әрі қарай дамытуға дайын екендерін растады.


«Келесі жылы біздің елімізге жасайтын сапарыңызды асыға күтеміз. Біздің Президентіміздің Қазақстанға жасаған сапарының нәтижесі өте жемісті болды. Барлық мәселе өз жолымен дамуда. Сіздің Оңтүстік Кореяға жасайтын сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз және ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз,– деді Кан Гён Хва.