Ақтөбеде Қытай компаниясы жұмысшылар талабымен жалақы өсірді

Фото Азаттық радиосы


Ақтөбедегі «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясымен кеніш жұмысшылары келісімге келіп, қазақстандықтардың айлығы өсті, деп жазады Азаттық.


Бұрғылаушының көмекшісі Жасұлан Қанбалиев айтуынша, олардың жалақысы наразылық акцияларынан кейін 50 пайызға көбейген.


«Бұрын қолыма 120 мың теңге (308 доллар) алып жүрдім. Кей кезде ай 28-30 күннен біткен кезде жалақым тіпті азайып қалатын. Қазан айынан бастап жалақыма 50 пайыз қосылатын болса, қолыма ай сайын 200 мың теңге (514 доллар) тиюі керек. Әрине қымбатшылық қыспаққа алып тұрған кезде 200 мың теңге де аса көп ақша емес. Дегенмен бұған да шүкір», - дейді Жасұлан Қанбалиев.


Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің сөзінше, компанияда бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек ететін қазақстандықтар жылдар бойы ең ауыр жұмысты істеп, ең аз жалақы алып келген.


«Екі айға созылған жұмысшылар наразылығы облыс әкімдігін медиатор ретінде әрекет етуге мәжбүрледі. Негізі бұл әкімдік араласатын шаруа емес еді. Жалақы компанияның ішкі резерві есебінен көтерілетін болды. Бірақ барлық жұмысшының жалақысы 50 пайызға өскен жоқ. Дәрежесіне байланысты 316 адамның жалақысы 50 пайызға көбейді», - дейді Бекенов.


Азаттық мәліметінше, жұмысшылар 11 қазанда компанияға келіп, жалақы өсіруді тағы бір рет талап еткен. Екі ай бойы наразылық тудырған жалақы мәселесін Бейжіңнен келген арнайы делегация шешкен.


Аталмыш компанияның бас директоры Чжан Баоцзюнь бұрғылаушы бригадалардағы жұмысшылардың жалақысы инженерлік-техникалық құрамға қарағанда аз болғанын растап, «олардың талабы орынды» екендігін айтады.


«Бұрғылаушылардың көмекшілері мен дәнекерлеушілердің жалақысы қазан айынан бастап 50 пайызға өсті. Сол сияқты лаборант-коллекторлардың жалақысына 40 пайызға, бұрғылаушы қондырғының машинисінің айлығы 30 пайыз, бұрғылаушылардың еңбекақысына 25 пайыз қосылды. Жаңажол, Кеңқияқ пен Северная трува кеніштеріндегі барлық бұрғылаушы бригадалар қайта жұмысқа кірісті», -деді Чжан Баоцзянь.


«Восток нефть и сервисное обслуживание» серіктестігінің 100 пайыз Қытайдың Xibu (Сибу) корпорациясына тиесілі. Компанияда 1200 қызметкердің он пайызы Қытайдан келген. Бұл он пайыз жалақының аздығына наразылық білдірмеген.