20 мыңнан астам шетелдікке Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат берілді


2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға 20 мың 938 адамға рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 


Оның ішінде бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары) 819, екінші санатқа (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) 4690 рұқсат шығарылды. ШЖК тартуға арналған рұқсаттардың көп бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмыскерлер) санаттарына берілді – сәйкесінше 9803 адам және 1738 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 2 216, корпоративтік ауысым аясында 1672 адам тартылған.


Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 2 396 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстанның 531,1 мыңға жуық азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ын құрайды.


Еңбекші мигранттардың негізгі шыққан елдері Қытай - 4 433 адам, Өзбекстан - 2320 адам, Үндістан - 1837, Түркия - 1828, Ұлыбритания - 1449 адам.